Юбиляры

Уважаемая Нина Николаевна! 

Примите наши искренние поздравления в этот знаменательный для Вас день! Мы достаточно много лет Вас знаем, как дружелюбного, доброго человека. Ваше искреннее желание и стремление помогать пациенту, ответственное отношение к своей работе и преданность восхищает нас.

Желаем Вам только позитивных эмоций и радостных событий в жизни! Пусть Ваше верное служение своей профессии обязательно зачтется и принесет свои плоды. Ими станет благодарность пациентов, удовлетворение от проделанной работы и достигнутых результатов. Пусть будет благоденствие, успех и счастье. Пусть Ваши дни будут полны бодрости, радости и созидания.  

Спасибо Вам за бесценный труд, профессионализм, отзывчивость и доброту души! 

С искренними пожеланиями,                                

коллектив Городской детской

инфекционной больницы


Құрметті Рәзия Сәндібекқызы! 

«Дені сау адам – табиғаттың ең қымбат жемісі» деп білген өзіңіз сияқты абзал жандардың арқасында қанша бала ортаға оралып, қанша ата-ана қуанышқа бөленіп жатыр.

Мейіргер – мерейлі есім. Науқасқа мейірбандық танытып, жанашырлық білдіре отырып, әр жағдайды назарынан тыс қалдырмай, үлкен сезімталдықпен жұмыс атқару – нағыз мерейлі жанның қасиеті. Міне, сіз нақ сол адамның өзісіз! Өз қарамағыңыздағы жас мамандарды тәжірибе тұңғиығына бойландырып, дұрыс тәлім-тәрбие бере білуіңіз, олардың бойына жақсы қасиеттерді дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар көрсете білуіңіз, әр ата-ананың жүрегіне жол тауып, әр баланың көңілін баурай алуыңыз сіздің көрегендігіңіз, білімдарлығыңыз, адами қасиетіңіз дер ем. Сізден тәрбие алған әр жас маман тұлға ретінде ерекшеленіп, ортамыздың қасиетті гүліне айналады. Бұл – сіздің өз ұжымыңызды қоғамдық ортаға дұрыс бейімдей алатындығыңыздың айнасы.

Сіздің бойыңыздағы «ақырын жүріп, анық басатын» байсалдылығыңыз, жусаннан аласа, бетегеден биік кішіпейілдігіңіз, құйса толмайтын, толса аспайтын парасаттылығыңыз, зерделілігіңіз бен саналылығыңыз, еңбекқорлығыңыз бен шыдамдылығыңыз адам қызығарлықтай. Осы қалпыңыздан таймаңыз.

Мерейлі кәсіп иесі атанған өзіңіз сияқты мейірлі жанға жылдар бойғы адал еңбегі үшін алғысымызды білдіре отырып, алдағы өміріңізге бар жақсылықты тілейміз. Әр күніңіз шалқыған шаттыққа толы болып, отбасы-Отаныңыз балқыған бақытқа бөленсін! Жапырағы жайқалған мәуелі бәйтеректей ғұмырыңыздың тамыры тереңге жайылып, ұрпағыңыздың ғұмырына жетсін! 

Игі тілекпен,

Қалалық балалар жұқпалы аурулар

ауруханасының ұжымы


Құрметті Күлжан Қалиқызы!

 

Бүгінгі айтулы күніңізбен құттықтаймыз!

 «Театр киім ілуден басталады» демекші, медицина саласындағы қызмет те сіз сияқты жұмыскерлердің зор еңбегінен басталады. Себебі дәрігерлер мен мейіргерлердің әрі көзі, әрі қолы, әрі құлағы тек қана өзіңіз сияқты жандар. Сондықтан сіздің медицина саласындағы орныңыз ерекше екені сөзсіз. Сіздердің ерен еңбектеріңіз бен қажырлы қайраттарыңыздың арқасында ғана медицина ілгері қадам баспақ. Біз сіздің елеулі еңбегіңізді бағалаймыз, өзіңізді құрмет тұтамыз және де адал еңбегіңіз үшін зор алғысымызды білдіреміз. 

Өзіңізді еңбегі тиянақты, қарым-қатынасы адал жан ретінде тани отырып, бүгінгі айтулы мерекеңізде алдағы жарқын өміріңізде көз шағылыстырар шуақты нұр, сансыз байлық, шексіз ілтипат, зор құрмет, адал жандар жолыңыздан табылсын демекпіз.

Әрдайым көңіл-қошыңыз көтеріңкі, жайдары жүзіңіз жадыраңқы қалпынан танбай, адал еңбегіңіз қарымды болсын!

Періште төзіміңіз бен адалдығыңыз үшін алғысымыз шексіз! Бақыт тілейміз!

Құрметпен, № 3 КҚБА ұжымы

 


Құрметті Жанар Сәмбетқызы!

 

Адамның өмірін бір ғасырлық ғұмырмен өлшейтін болсақ, сіз де, міне, ғасырдың жартысын артқа тастап, кемеліңізге келіп, алдыңғы толқын ретінде кейінгі толқынға жол көрсетіп, құрмет, ілтипатқа бөленіп келесіз.  Сіз сияқты өрісі кең, өркені биік, беделіне білімі сай адаммен ұжымдас болу – біз үшін үлкен мәртебе.

Медицина жастық пен денсаулықтың зәмзәм суындай болса, медицина қызметкерлері адамды желеп-жебеуші періштелердің нақ өзі дер едім. Медицина қызметкерінің еңбектерін басып озарлықтай не бір қызмет саласы, не бір кәсіп жоқ десек, артық айтқанымыз емес. Сіздің Нұр-Сұлтан қаласының балаларына көрсетіп келе жатқан ұшы-қиыры шексіз еңбегіңіздің тұғыры биік. Сіз сияқты еңбегі адал, мәртебесі биік, ақылы кең, ойлау дәрежесі терең адам көптің бірі емес, бірегейі.

Тұғырға берік отырған, талай асуларды бағындырған, әрқашанда табандылықпен алға ұмтыла білген осынау мерейлі жасқа жеткен шағыңызда алға қойған арман-тілектеріңіздің, мақсат-мұраттарыңыздың барлығы кезегімен орындала берсін.  Өмір деген үлкен белестің тайғақ жерінен таймай, сулы жеріне батпай, отты жеріне жанбай, соқпағына соқтықпай көздеген арман-мұраттарыңызға жете беруіңізге тілектеспіз. Әрқашан Алланың назарында, бақыттың базарында шалқып-тасып жүре беріңіз! Бала-шағаның қызығын молынан көріп, мәуелі бәйтеректей жапырақ жайып, өркендей беріңіз!

Құрметпен, № 3 КҚБА ұжымы


 

Құрметті Нұржамал Нығметқызы!

 

 

Адам жанын аман сақтау, денсаулығын қорғау, дәрігердің оң қолы болу ісінде атқарған ерен еңбегіңіздің ауқымы да, мәртебесі де шексіз. Осындай  ерен еңбек иесі болу үшін аурухана табалдырығын аттағаныңызға да қырық жыл толыпты. Саналы адамға бұл бір ғұмыр. Қырық жылда қанша өзен жаңарып, қанша өзгеріс болды. Осы аурухананың тарихи оқиғаларының қырық жылдық тарихына өзіңіз куә болдыңыз.

Егемен еліміздің, қасиетті қаламыздың, асқаралы астанамыздың өсіп-өркендеуіне қосқан үлесіңіз ұшан-теңіз. Жалпымызға ортақ істің басы-қасында болып, ыстығы мен суығына шыдап, нәзік жүрегіңізбен ер-азаматтық мінез танытып келдіңіз. Ұзақ жылдар бойы бір жерде тапжылмай еңбек ету – екінің бірінің қолынан келе бермес іс. Ал сіз еңбек етіп қана қоймай, ортаңыздың сыйлы жаны болдыңыз. Өкшеңізді басып келе жатқан ізбасарларыңызға үлкен мектеп болдыңыз. Қоршаған ортаңызға ақылшы, адал дос бола білдіңіз. Мұның барлығы бойыңыздағы адами қасиеттің, үлкен жүректің, кәсіби шеберліктің арқасы. Әрқашан жүзіңізден шуақ шашып, жүрген ортаңызды жандандырып жүресіз. Сізді жақсы көрмейтін адам жоқ.

Құрметті Нұржамал Нығметқызы, сіздің қажырлы еңбегіңіз бен адалдығыңыз үшін, еңбекқорлығыңыз бен кішіпейілділігіңіз үшін, табандылығыңыз бен сезімталдығыңыз үшін, жанашырлығыңыз бен қайсарлығыңыз үшін зор алғыс білдіреміз. Алып іс атқарып, талайлардың алғысына бөленіп, ризашылығын алып жүрген өзіңіз сияқты қымбат жанға, іскер маманға қандай мақтау айтса да жарасады.  Сіз ұжым жүрегінен ойып тұрып орын ала алдыңыз. Сол үшін дән ризамыз. Алдағы жарқын өміріңізге тек сәттілік, қызық-қуаныш, молшылық, зор табыс тілейміз. Әр күніңіз жемісті болсын, қызықты сәттеріңіз мол болсын. Өмір жасыңыз ұзақ болып, асыл жарыңыз бен бала-шаға, немере-шөберенің ортасында бақытты ғұмыр кеше беріңіз!

 

Құрметпен, № 3 КҚБА ұжымы

 


 

Құрметті Рымжан Сабырқызы!

 

         Сізді мерейтойыңызбен құттықтаймыз!  Гүл жайнаған еліміздің қай саласына болса да қосқан үлесіңіз баршылық, сол үшін де алғысымызды білдіріп, сізге сарқылмайтын денсаулық, таусылмайтын бақыт тілейміз!  Өзіңізді өмірде де, еңбекте де адал жан, жақсы жұмыскер, белсенді ұжымдас және де айнымас дос ретінде танып қалған әріптестеріңіз сіздің бүгінге дейін жеткен игіліктеріңізге шын жүректен  қуанады. 

Осынау айтулы күні сізге деген зор құрметімізді білдіре отырып,  ой-мақсаттарыңыздың жүзеге асуына, игі істеріңіздің қашанда оңға басуына, әр қадамыңыздың қарымды болуына, дос-жаран, туған-туыс, ұжым алдында абыройлы болуыңызға тілектеспіз. Әрдайым осы тыңғылықты да тындырымды қалпыңыздан танбай, табысқа қол жеткізе беріңіз. Отбасыңызға ынтымақ, басыңызға бақ тілейміз. Бақытты болыңыз!

 

Құрметпен, № 3 КҚБА ұжымы

 


Құрметті Орынбасар Ақылбекқызы!

 

 

Зейнеткерлік жасқа жетіп, талай жылғы еңбектің зейнетін көретін шақта қуанышыңызға ортақтасып, талай жылғы адал еңбегіңіз бен қажырлы қайратыңызды, шыдамдылығыңыз бен кәсіби шеберлігіңізді, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білген кішіпейілділігіңізді, ұжымдағы беделіңіз бен бар асыл қасиеттеріңізді тілге тиек ете отырып, сізге зор алғыс білдіреміз. 

Сіз жылдар бойы біздің ауруханамен бірге жасап, өмірімен біте қайнасып келесіз. Ғұмырыңыздың жартысынан көбін арнаған еңбек саласы сізге қаншалықты берсе, сіз бұл салаға мың есе артық бердіңіз. Сіздің әр ұйқысыз түніңіз, әр мазасыз күніңіз ел ұрпағының өміріне бір тамшы болса да үлесін қосып, зор ықыласқа бөледі. Сіздің адал жүрекпен атқарған еңбегіңізді ұжымыңыз ешқашан ұмытпайды.

Өміріңіздегі осынау елеулі де еңселі күніңізде өзіңізге бар игі жақсылықты тілейміз. Келешек күндеріңіз қызыққа толы болсын. Әрқашан жолыңыз болсын! Өміріңізге береке-бірлік, молшылық, жарқын көңіл-күй тілейміз! 

Сізге деген алғысымыз шексіз. Ғұмырыңыз ұзақ әрі бақытты болсын!

 

 

Құрметпен, № 3 КҚБА ұжымы