Медицина және фармацевтика қызметкерлерінің құқықтары мен міндеттері
Медицина және фармацевтика қызметкерлерінің құқығы бар:
1) кәсіптік қызметін жүзеге асыру үшін қажетті жағдайлармен қамтамасыз етілуге;
2) жеке медициналық практика мен фармацевтикалық қызмет жүргізуге;
3) бес жылда кемінде бір рет бюджет қаражаты есебінен немесе мемлекеттік емес денсаулық сақтау секторы ұйымдарының қызметкерлері болса, жұмыс берушінің есебінен біліктілік деңгейін арттыруға;
4) штат санының қысқаруына немесе мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарының таратылуына байланысты қызметкер босап қалған жағдайда, бюджет қаражаты немесе жұмыс берушінің есебінен қайта даярлаудан өтуге;
5) еңбек (қызметтік) міндеттерін атқаруына байланысты өміріне немесе денсаулығына келтірілген зиянды өтетуге;
6) азаматтың өміріне қауіп төнген жағдайларда ұйымдарға немесе азаматтарға тиесілі байланыс құралдарын, сондай-ақ қолда бар көліктің кез келген түрін оны таяу жердегі медициналық ұйымға жеткізу үшін кедергісіз және тегін пайдалануға;
7) қызметтік тұрғын үй берілуге;
8) жүріп-тұру сипатындағы қызметіне байланысты көлік шығыстарын өтетуге;
9) кәсіптік міндеттерін жоғары сапалы деңгейде орындағаны үшін көтермеленуге;
10) өзінің кәсіптік ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғауға;
11) медицина қызметкері тарапынан ұқыпсыз немесе немқұрайлы қарау болмаған кезде пациенттің өміріне немесе денсаулығына зиян келтірілгені үшін кәсіптік жауапкершілікті сақтандыруға құқығы бар.
Медицина және фармацевтика қызметкерлері міндетті:
1) өздерінің кәсіптік міндеттерін тиісінше орындауға, пациенттерге құрметпен және ізгілікпен қарауға, медициналық этика және деонтология қағидаттарын басшылыққа алуға;
2) аурулардың профилактикасына және азаматтардың денсаулығын нығайтуға жәрдемдесуге, медициналық көмек көрсетуге;
3) шұғыл жағдайларда халыққа кезек күттірмейтін медициналық көмек көрсетуге;
4) халық арасында медициналық білімді және саламатты өмір салтын насихаттау жөніндегі жұмысты жүргізуге;
5) медицина және фармацевтика қызметкерлерінің Ар-намыс кодексін сақтауға, дәрігерлік құпияны сақтауға, азаматтардың аурулары, ішкі және отбасылық өмірі туралы мәліметтерді жария етпеуге;
5-1) құқық қорғау органдарына денсаулық сақтау ұйымдарында қылмыстық не әкімшілік құқық бұзушылық белгілері бар әрекеттерді (әрекетсіздікті) кәмелетке толмағандардың жасау немесе оларға қатысты жасалу фактілері туралы, сондай-ақ денсаулық сақтау ұйымдарынан тыс жерде кәсіптік қызметіне байланысты өздеріне белгілі болған фактілер туралы дереу хабарлауға;
6) өзінің кәсіптік деңгейін үздіксіз, оның ішінде әрбір бес жыл сайын біліктілігін арттырудан өту арқылы дамытуға және арттыруға;
7) қажет болған жағдайларда консультация алу үшін басқа бейіндегі немесе біліктілігі неғұрлым жоғары мамандарды тартуға міндетті.
Осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың, сондай-ақ азаматтардың тарапынан медицина және фармацевтика қызметкерлерінің кәсіптік қызметіне араласуға тыйым салынады.